Акцияның мақсаты – әлеуметтік қолдауды қажет ететін көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушыларға, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде жан-жақты қолдау көрсету, сондай-ақ әлеуметтік себептерге байланысты балалардың мектепке бармауының алдын алу.

Акция аясында Қызылорда облысы бойынша өңірлік іс-шаралар жоспары бекітіліп, кешенді жұмыстар жүргізілуде.

Жоспарға сәйкес түрлі себептермен мектепке келмеудің алдын алу мақсатында «Жұмыспен қамту», «Түнгі қаладағы балалар» тақырыптарында профилактикалық рейдтер ұйымдастырылады. Сонымен қатар, білім беру ұйымдарында «Балаға мейірім сыйла!», «Ауыл балаларына – мектепке сыйлықтар», «Отбасы отбасыға көмек көрсетеді: Балаларды мектепке дайындаймыз!» тақырыптарында қайырымдылық іс-шаралары өткізіледі.

Қайырымдылық акциясына мемлекеттік органдарды, кәсіпкерлерді, үкіметтік емес ұйымдарды және барша жанашыр азаматтарды белсенді қатысуға шақырамыз.

Бірге жақсылық жасап, әрбір баланың жаңа оқу жылын қуанышпен бастауына үлес қосайық!