
Жалағаш жерінде шәкірт жанын түсінген, уақыт талабына үндесе отырып, білім мен тәрбие берген аудан мектептерінің сапасы жыл сайын жоғарылауда. Айталық, аудан орталығындағы әл Фараби атындағы №201 мектеп-лицейі заман өзгерісіне бейімделіп, білім берудегі жаңашылдықтан қалыс қалмаған шаңырақ десек болар. Олай дейтініміз, аталған білім мекемесі оқушыларына білім беріп қоймай, сабақ үдерісіне керек техникалық жабдықтарын да түгендеген. Заманауи кабинеттерін жабдықтап әрі қазіргі сандық технологияны пайдалану арқылы әр пәнді оқушыларға терең үйретуде. Дұрысы, «Қазақстан халқына» қоры 250 млн теңге бөліп, мұнда бірнеше пәндік кабинет қажетті құрылғылармен және сабақ барысына керекті дидактикалық материалдармен жабдықталыпты. Сондай-ақ ұстаздар мен шәкірттер бүгінгі жасанды интеллектті меңгеріп, жетістікке жетуге де талпынып келеді. Қазір әл Фараби атындағы №201 мектеп-лицейінде мыңнан астам оқушы бар. 154 мұғалім-педагог сабақ беріп, оқушы білімін, шығармашылық әлеуетін, болашаққа деген талпынысын ұштап келеді. Білім шаңырағындағы тағы бір оң бағыт – шәкірттердің математика пәнінен деген ынтасын арттыру. Осы тұрғыда мұнда IT математика жобасы қолға алынған. Екіншіден, біз әңгімелеп отырған мектеп-лицей жыл бойы қандай конкурстан болмасын, жүлдесіз қайтпаған. Мысалы, 2023-2024 оқу жылында жалпы білім беретін пәндер бойынша облыстық, республикалық олимпиадаға 12 оқушы қатысып, оның 8-і жеңімпаз атанып, ІІ, ІІІ орынды қанжығаға байлапты. Ал ауыл мектептеріне арналған пәндік олимпиадада 32 оқушы облыстық кезеңде жүлделілер қатарынан табылған. Осы додада республикалық кезеңге жолдама алған 4 оқушы да оза шапты. Екеуі І, енді бірі ІІ орын алса, бір оқушы Алғыс хат иеленіпті. Ғылыми жоба қорғауда мектеп-лицейдің 10 оқушысы облыс орталығынан жүлде орыннан көрінген. Ал жеңіскеи жеткен дарынды оқушыларды айтпағанда, ұжымдағы ұстаздар қауымының қай-қайсысы да осал емес. Осының арқасында олар «Үздік инновациялық мектеп», «Білім бәйтерегі», «Білімнің биік тұғыры», «Табысты мектеп» сияқты бірнеше жүлделі аталымдарды иеленіп келеді. Бір ғана мысал, жетістігі көп шәкірттер тәрбиелеген білім орнының мұғалімі Раушан Атаулиева «Үздік сынып жетекші-2024» республикалық байқауына қатысып, ІІ орын иегері атанған. Ең қуаныштысы, мұғалімдер мен оқушылардың үлкен жетістіктері сараланып, аталған ұжым 2023-2024 оқу жылының қорытындысымен «Орта білім беретін үздік ұйым» облыстық конкурсы жеңімпазы атанды. 34 млн теңгенің сертификаты табысталды. Бұған қосымша, екі жыл бұрын мектеп-лицей ұжымы ауыл мектептері оқушыларына арналған пәндер бойынша республикалық олимпиадада көрсеткен жоғары нәтижесімен «Ең үздік ауыл мектебі – 2024» аталымын алған болатын. Дәл осы номинация келесі жылы бұйырды. Ұжым тағы да «Ең үздік ауыл мектебі» аталымын екінші мәрте жеңіп алды. Өйткені, 2024-2025 оқу жылы олимпиаданың республикалық кезеңіне қатысқан 8 оқушысы да жеңіс төрінде тұрды. Мектеп-лицей директоры Айнұр Айбосынованың айтуынша, былтыр жыл басынан бері мектеп шеберханасында «тігінші» және «аспаз» кәсібі тереңдетіліп оқытылуда. Яғни, жоғары сынып оқушылары орта білімді тәмамдаған тұста, аттестатпен бірге игерген кәсібіне қажетті сертификат алады.
– Осы оқу жылында аудандық түрлі байқауларға, олимпиада, ғылыми жобаларға 97, облысқа 58, республикалық кезеңге 6 оқушы қатысып, І, ІІ, ІІІ орындарды иеленді. Сөз жоқ, мұндай жетістіктердің артында мұғалім еңбегі тұр. Әріптестестерім кәсіби байқаулардан аудан, облыс, республика көлемінде жоғары марапат төрінен ұдайы көрініп келеді. Айталық, «Үздік авторлық бағдарлама-2025» байқауында Роза Абдрахманова, «Дарынды балаға талантты ұстаз» олимпиадасында Бақдаулет Әбдіғали, «Oi-Sandyq» оқу және математикалық сауаттылықтан қазақ тілі мен математика пәндері мұғалімдеріне арналған зияткерлік байқауында Махмуд Ермак жүлделі болды, – дейді мектеп-лицей директоры. Айта кетейік, өткен жылы Жалағашта 450 түлек мектептен қанат қақты. Осы бітірушілердің 388-і, яғни 87,2 пайызы Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағына қатысқан еді. Аймақ бойынша олардың орташа балы – 84,1%. Сонымен қатар, былтыр республикалық ауыл мектептеріне арналған олимпиаданың облыстық кезеңіне Жалағаштан 106 оқушы қатысса, 22 оқушы жеңімпаз атанып, республикалық кезеңге жолдама алды. Бұл тұрғыда Жалағаш кентіндегі әл Фараби атындағы №201 мектеп-лицейінің ауданның білім саласының оң көрсеткішінде ойып орын алатыны белгілі.