

Дөңгелек үстелге мемлекеттік органдардың, құқық қорғау органдарының, білім беру, денсаулық сақтау және төтенше жағдайлар салаларының өкілдері, үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, заңгерлер, психологтар, әлеуметтік қызметкерлер қатысты.
Шара барысында Қазақстан Республикасының Конституциясында және БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенциясында бекітілген балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың негізгі қағидаттары, мемлекеттік саясаттың басым бағыттары, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың бірлескен жұмысының маңыздылығы туралы айтылды.
Сонымен қатар, Қызылорда облысының Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Бәкіров Ерлан Әмірханұлы, Заң ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, «Ақ босаға» әйелдер қоғамдық бірлестігінің жобалар заңгері Исаева Жанна Амандыққызы, «Отбасын қолдау орталығының» консультациялар беру және кешенді сүйемелдеу бөлімінің басшысы Әбітай Дәулет Ғалымұлы, Қызылорда облысы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының ювеналды полиция бөлімінің полиция майоры Абдразақова Раушан Есенжолқызы «Қазақстандағы балалардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары мен басқарманың үкіметтік емес ұйымдармен әріптестіктегі алдағы міндеттері», «Балалардың құқықтарын қорғауда үкіметтік емес ұйымдардың рөлі, қоғамдық бақылаудың маңызы және осы бағыттағы тиімді тәжірибелер», «Әлеуметтік осал отбасылармен жұмыс тәжірибесі, балаларды ерте анықтау және кешенді қолдау тетіктері», «Балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың, буллинг пен кибербуллингтің алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен озық тәжірибелер» тақырыптарында баяндамаларын оқыды.
Шара соңында қатысушылар пікір алмасып, балалардың құқықтарын қорғау саласындағы өзекті мәселелер бойынша ұсыныстарын ортаға салды.